Қазақстанға оппозиция туралы заң керек

Саяси реформаның жоқтығынан экономиканың дамуы тежеліп отыр. 

Елдің экономикалық даму қарқыны мен саяси процестер арасында белгілі бір деңгейде байланыс болады. Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихына назар аударсақ, 2007 жылғы әлемдік дағдарыс біздің елге айтарлықтай салмақ салған екен. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мемлекеттер әлемдік қаржы дағдарысымен екі-үш жыл күреседі. Содан кейін ғана тұрақтылық орнайды. Демек Қазақстан 2007-2010 жылдар аралығында дағдарыспен, оның салдарымен күресті.

2010 жылдан бастап Қазақстан жоғары қарқынды экономикалық даму трендін жоғалтып алды. Бұл үрдіс 9 жыл бойы жалғасып келе жатыр. Бұған экономикалық саясат сапасының нашарлауы, мұнай бағасының төмендеуі және басқа да факторлар себеп болып отыр. Бірақ бұл жердегі ең басты себеп – саяси реформаның бір орында тұрып қалуы. 2010-2019 жылдар аралығында жалпы ішкі өнімнің өспеуінің басты себебі де осында жатыр. Ал саяси реформа жалпы ішкі өнімнің өсуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мен елдегі саяси реформаларды көптен бері күтіп жүрмін. Экономикалық емес, саяси реформаларды күтіп жүрмін.

Саяси реформаның жоқтығынан Қазақстан соңғы тоғыз жылда өте баяу дамып келеді. Өкінішке қарай біз осы аралықта саяси реформаға арналған уақытты жоғалтып алдық. Бұл бір.

Екіншіден, әлемде дамыған елдердің қатарына қосылу үшін сұрыпталған түрлі модельдер бар. Оған төрт шарт керек екен. Олар:

  • 1. Елдегі саяси еркіндік;
  • 2. Экономикалық еркіндік;
  • 3. Азаматтық қоғамның еркіндігі;
  • 4. Заң үстемдігін қамтамасыз ету.

Осы төрт бағыт қатар жүруі керек. Бірі кейін қалса, мемлекет жүрісінен жаңылады. Қазақстанда саяси еркіндік жетіспей тұр. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету де төмен деңгейде. Мәселен, Қытайда саяси еркіндік шектеулі. Есесіне олар бұл олқылықтың орнын заң үстемдігімен толтырып отыр. Батыс Еуропа елдерінде саяси еркіндік толықтай қамтамасыз етілген. Бұл қатарға Оңтүстік Кореяны да қосыңыз. Саяси еркіндік болған жерде экономикалық еркіндік жүреді. Өкінішке қарай Қазақстан осы төрт тетікті дұрыс пайдалана алмай отыр. Қоғамдағы проблемалардың көбеюі де сондықтан.

Экономикалық дамудың жоғары қарқынына қол жеткізу үшін экономикалық субъектілердің саяси институттарға деген сенімін қамтамасыз ету керек. Ол қалай қамтамасыз етіледі? Қазақстанда Президенттің билігі Парламентпен салыстырғанда өте жоғары. Егер Конституцияда көрсетілген билік тармақтары арасында дисбаланс болса, саяси реформалар жүзеге аспайды. Бір мысал келтірейін. Осы күнге дейін Қазақстандағы Парламенттің бақылау функциясы жоқ. Бірқатар елдің Парламентінде мұндай өкілеттілік бар. Демек бізге алдымен саяси реформаны қамтамасыз ететін Конституциялық реформа керек.

Жалпы, проблемаларды болдырмаудың бір ғана жолы бар. Ол – оппозиция туралы заң қабылдау. Мен осы ойды Қасым-Жомарт Тоқаевтан күткен едім. Бірақ айтпады. Қазақстанда көшеге шығып, наразылық танытатын әлеуметтік топтардың құқықтық статусы реттелмеген. Осы араны реттейтін заң жоқ. Ол – оппозиция туралы заң. Украина мұндай заңды қабылдап, мәселені шешіп алды.

inbusiness.kz